26 Желт 2024
Рухани Жаңғыру

Айлық шараның қорытындысы

Жол ойындағы Сужарған ауылына барып, тағылымды шараның куәсі болдық. Мемлекетіміз жаппай рухани жаңғырып жатқанда, бізде рухани кештен жақсы әсер алып қайттық.

Аудандық білім беру бөлімінің ұйымдастыруымен қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойына орай айлық шара өткен болатын. Аталған шараға аудан мектептері атсалысып, ұйымшылдық танытты. Жоспарлы шара барысында әр жанр бойынша тақырыптар қамтылды. Мектеп оқушылары білімдерін сынап, бәсекелестікпен бақтарын таразылады. Қорыта келгенде Қ.Қойдосов атндағы орта мектебінің бәсі басым болды. Әр бөлім бойынша тиісті жүлделі орындарды иеленді. Ұстаздарының сенімін ақтады. Білімдерін саралады. Жеңіске жетті. Осы шараның жалғасы ретінде аталмыш мектепте айлық шараның қорытындысы өтті. Көрермен болып жиналған ауыл тұрғындары оқушылардың өнерлерін тамашалап, дән риза болды. Ұлы ақынның даналығы мен даралығы туралы мектептің 10 сынып оқушысы Ақбаян Жаңбырбай өзінің дайындаған ғылыми жұмыстарын көпшілікке таныстырды. Ауданда өткен “Абай дана, Абай дара қазақта” атты сахналық қойылымда екінші орынды иеленген 9 -4 сынып оқушылары әртістік қабілеттерімен танылды. Абайдың рөлін сомдаған Азамат Сәруар келешекте сахнаның саңылағы болатынына көзіміз жетті. Көрермендер А.Құнанбаевтың 175 жылдығына арналған көрмемен танысты. Көрмеге осыдан 25 жыл бұрын ақынның 150 жылдық мерейтойындағы құнды материалдар топтастырылған. Осы тұрғыда 10 сынып оқушысы Еңілік Айдар аудан мектептері арасындағы көрмеде бірінші орынды иеленген. Жетекшісі қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі Жанат Нағымашова көрмедегі құнды жазба жәдігерлердің мазмұнын ашып, ізденіспен жұмыс жасаған мұғалімдердің еңбектерін насихаттады. Көрме дизайнері талантты суретші Мұрат Айдарұлы. Талантты жас ақын, поэзия әлеміне енді қалам тербеген 10 сынып оқушысы Жанэля Асқарқызы ұлы ақынның құрметіне арнаған туындыларын оқыды. Аудандық мәдениет үйінде өткен “Құлақтан кіріп бойды алар” атты жас ақындар жыр – мүшайрасында 3 орынды иеленген болатын. Мектеп директорының орынбасары Гүлнар Тайжанова аудандық, облыстық, республикалық байқаулардың жүлдегерлері атанған шәкірттерінің есімдерін атап, жетісітіктерін паш етті. “Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға...” деген осы. Гүлнар апайдың шәкірттерді тәрбиелеу жолындағы еңбегі ұшан теңіз. Қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі Шолпан Ахметова “Абайды білмек керек келер жасқа” тақырыбында апталық өткізіп, оқушылардың зейінін ашқан. Биология пәнінің мұғалімі Жанар Боранбаева өткізген “Сүйіне білсең табиғат, сұлулыққа тұнып тұр” атты апталығы ұлы Абайдың лирикасымен байланыстырып, сабақтастыра білген.

Ауданда өткен “Абай оқулары” байқауында ұлы ақынның 70 өлеңін жатқа айтқан 6 сынып оқушысы Наурызбай Мұрат жүлдегер атанды. “Жарқын болашақ” олимпиадасының жүлдегері атанып, облыстық олимпиадаға жолдама алған 9 сынып оқушысы Әлия Тайшинаның есімдері ерекше аталып, мектеп мақтаныштарына айналды. Тағы бір қуантарлығы “Әлем таныған Абай” жобасы аясында оқушылар мен балабақша тәрбиеленушілері арасындағы республикалық байқауда А.Құнанбаевтың “Қыс” өлеңін мәнерлеп оқу сайысында Інжу Ғабдолла бас жүлдені жеңіп алған. Осыдан – ақ, білуге болады Қ.Қойдосов мектебінде жоспарлы жұмыстар өз нәтижесін беріп жатқандығын. Ұстаздары да тынымсыз ізденіспен жұмыс атқаруда. Басқа мектептерге үлгі болатындай дәрежеде. Абай атамыздың балалық шағы мен даналық шағын сахналып, мектеп оқушылары актерлік шеберліктерімен ерекшеленді. Мектептің жас ұстаздары “Желсіз түнде жарық Ай” әнін хормен орындап, патриоттық санаға рухани құнды ойларды жүктеді. Айтпақшы, мектеп ұстаздары оның ішінде тарих пәнінің мұғалімі Жомарт Жүнісовтың “А.Құнанбайұлының философиялық ойлары, этнопедагогикадағы рөлі мен тарихтағы орны”, қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі Шолпан Ахметованың “Абай шығармаларының тәрбиелік мәні”, математика пәнінің мұғалімі Ләйлә Шоханованың “Абай мен Шәкірімнің ақиқат танымдық алгебрасы”, қазақ тілі мен әдебиетпәнінің мұғалімі Назгүл Дәрібаеваның “Абай тағылымының мәні”, биология пәнінің мұғалімі Жанар Боранбаеваның “Абай шығармаларындағы биологиялық терминдер” тақырыбындағы баяндамалар аудандық білім беру бөлімі әзірлеген жинаққа енді. Талантты жас суретші, аудандық байқаулардың бірнеше дүркін жеңімпазы Нұрислам Әшім көз алдымызда отырып, “Абайдың табиғат лирикасын” боямалы сурет арқылы бейнеледі. Мектеп ұстаздары мен байқау жеңімпаздары атанған оқушылар “Көзімнің қарасы” әнін әуелетіп шырқап, тағлымды кештің шымылдығын жапты. Мектеп директоры Төленді Ахметов мектеп ұстаздарын, оқушыларға ризашылық алғысын білдірді. Аудандық білім беру бөлімі әдістемелік кабинеттің әдіскері Әсем Досмағанбетова айлық шағара қатысып, белсенділік танытқаны үшін мектеп ұжымына білім беру бөлімінің басшысы Наурызбай Сейдахметовтың алғыс хатын тапсырды. Осы шарының жақсы өтуіне мұрындық болып, бағыт – бағдар жасаған Төленді Тұрсынұлы болса, кештің бағдарламасын мазмұнды сөздермен көркемдеп, ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында таихи кештің көркін қыздырған Гүлнар Тайжанова.

Сөзімді қорыта келе, Абай атамыздың әр сөзінде астарлы ой бар. Оқысаңыз ой тұманы ашылады. Сүрініп, жығылмау үшін Абайды оқы, Абай сөзі – қазақтың бойтұмары екенін ұмытпауымыз керек. Абай мұрасы туған халқы үшін ешқашан да сарқылмайды. Абай туған елін сүйіп, елі үшін күңіреніп, тебіренді. Ал, бүгінгі ұрпақ осыған сай лайықты құрмет көрсетуге міндетті. Бүгінгі ұрпақтың көзі ашық, көкірегі ояу, ғылымға, білімге, өнерге құмар. Сондықтан Абай атамыз айтқандай “Атаңның баласы болма, адамның баласы бол” деген өсиетін ұмытпағанымыз ләзім.

Пайдалы ақпараттық ресурстар